Ақмола облысында АИТВ инфекциясының жаңа жағдайларының 80%-ға жуығы 30–59 жас аралығындағы адамдар арасында анықталды

 

Қараша 23, 2026

Бұл туралы Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының мамандары мәлімдеді.

2026 жылдың 10 айында өңірде 105 адамнан АИТВ инфекциясы анықталды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш адамға аз.

Негізгі көрсеткіштері:

- 85% – жыныстық жолмен жұқтыру жағдайлары;

- 59% – 30–49 жас аралығындағы адамдар;

- 20% – 50–59 жас аралығындағы адамдар;

- 10,5% – 20–29 жас аралығындағы жастар.

Орталықтың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Рүстем Молдағали атап өткендей, АИТВ инфекциясын уақтылы анықтау және антиретровирустық терапияны ерте бастау инфекцияны бақылауда ұстауға, өмір сапасын сақтауға және вирустың одан әрі берілуінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Өңірде алдын алу кездесулер, жедел тестілеу акциялары және ақпараттық науқандар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Еске саламыз: АИТВ-ға тестілеуден тіркелген емханаларда, АИТВ инфекциясының алдын алу орталықтарында, сондай-ақ жастар денсаулық орталықтарында тегін әрі құпия түрде өтуге болады.

Мамандар өңір тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, қорғану құралдарын пайдалануға және АИТВ-ға тұрақты түрде тестілеуден өтуге шақырады.

барлық жаңалықтар »