Ақтөбе облысында АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларының 98%-ы жыныстық жолмен берілген: мамандар тестілеуден өтуге шақырады

 

Қараша 18, 2026

1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні қарсаңында Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мамандары өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға назар аударып, тұрғындарды АИТВ-ға тестілеуден өтуді кейінге қалдырмауға шақырады. Биылғы ақпараттық науқанның басты мақсаты – әрбір адамның АИТВ инфекциясының алдын алу, диагностикалау және емдеу қызметтеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету.

2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының азаматтары арасында АИТВ инфекциясын жұқтырудың 52 жаңа жағдайы тіркелді. Олардың 98%-ында вирус жыныстық жолмен берілген, ал тек бір жағдай (2%) инъекциялық есірткі қолданумен байланысты. Салыстырмалы түрде алғанда, 2025 жылдың осы кезеңінде АИТВ инфекциясының 48 жағдайы тіркелген, оның 41-і жыныстық жолмен беріліп, 85%-ды құраған.

Осылайша, жыныстық жол АИТВ инфекциясының өңірдегі негізгі таралу жолы болып отыр. Бұл деректер инфекцияны жұқтыру қаупі жасына, әлеуметтік жағдайына және өмір салтына қарамастан кез келген адамға қатысты болуы мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетеді.

  • «Бүгінде АИТВ инфекциясы халықтың белгілі бір топтарына ғана тән емес екенін түсіну маңызды. Жаңа жағдайлардың басым бөлігі жыныстық жолмен берілетіндіктен, әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, өзінің АИТВ мәртебесін білуі қажет. Біздің науқанымыздың басты міндеті – тұрғылықты жеріне, жасына және әлеуметтік жағдайына қарамастан, әрбір адам үшін алдын алу шараларын, тестілеуді және медициналық көмекті қолжетімді ету. Адам көмекке жүгінген кезде кедергілерге тап болмауы немесе айыптаудан қорықпауы тиіс. Қызметтердің қолжетімді болуы – АИТВ эпидемиясын тоқтату жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Айгуль Дуйсенбаева.

Сонымен қатар өңірде АИТВ инфекциясының таралуын 2030 жылға қарай тоқтатуға бағытталған ДДСҰ/ЮНЭЙДС-тің «95–95–95» жаһандық мақсаттарына қол жеткізу бойынша жұмыстар жалғасуда.

2026 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың 88%-ы өздерінің АИТВ мәртебесін біледі. Өз мәртебесін білетін адамдардың 95%-ы антиретровирустық терапия қабылдайды, ал ем қабылдап жүрген пациенттердің 93%-ында вирустық жүктеменің төмендеуіне қол жеткізілген.Соңғы екі көрсеткіш өңірлік мақсатты көрсеткіштерден жоғары

20 қараша мен 1 желтоқсан аралығында Ақтөбе облысында Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орайластырылған он күндік өтуде. Ақпараттық науқан аясында жастар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық және ағартушылық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Олардың қатарында дәрістер, тренингтер, байқаулар, викториналар, интерактивті сабақтар және мамандармен кездесулер бар.

Сауда-ойын-сауық орталықтарында, халық көп шоғырланатын орындарда, оқу орындары мен түрлі ұйымдарда кеңес беру және АИТВ-ға жедел тестілеуден өту мүмкіндігі қарастырылған ақпараттық акциялар ұйымдастырылады.

Мамандар АИТВ-ға тегін әрі құпия тестілеуден Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында, тіркелген жері бойынша емханаларда, сондай-ақ Жастар денсаулық орталықтарында өтуге болатынын еске салады.

АИТВ жұқтыру қаупі бар жағдайларға тап болған адамдар облыстық АИТВ орталығы жанындағы Достық кабинетіне және Сенім пунктіне жүгініп, мамандардан кеңес алып, тексеруден өте алады. Сонымен қатар негізгі топтар арасында профилактикалық жобаларды жүзеге асыратын «Наша Жизнь» және «Болашақ мұра» қоғамдық қорларына да жүгінуге болады.

Өз АИТВ мәртебеңді білу – өзіңе, жақындарыңа және болашағыңа қамқорлық жасау!

барлық жаңалықтар »