Обычная версия сайта
Қазақстан Республикасы,
Алматы қ, Райымбек Д-лы,60
+7 (727) 39742 17 Тіркеу орыны
+7 (727) 39742 23 Қабылдау бөлімі
+7 (727) 39742 06 Сенім телефоны
1414 Бірыңғай байланыс орталығы
Қараша 4, 2025
Әйел адамның өмірі күйбің тірлікке байланғаны сонша, денсаулығы сыр бергенін де байқамайды. Бала-шаға, үй, жұмыс, күйеу, ата-ене... Бізді арбайтын дүние жетерлік.
«Әбден мазам кеткен соң, амал жоқ, дәрігерге жүгіндім. Бір бума дәрі сатып алып, іше бастадым, бірақ халім жақсармады. Бірде кешқұрым теледидардан әлеуметтік ролик көрсетті – «АИТВ-ға тегін тексеріл, денсаулығыңа бейжай қарама!» деген ұран сөздері бар екен. Барып тексерілуді ұйғардым. 1 күннен кейін қорытындысы келді. Мен АИТВ жұқпасын жұқтырыппын. Көз алдымда дүние теріс айналып түскендей болды. Жазылмайтын ауруға біржола шалдыққаным ба, шынымен?! Өмір бойғы таңба ғой бұл! Енді көп өмір сүрмейтін шығармын, біреу біліп қойса қайтем? Мен осылайшы АИТВ статусымды 23 жасымда білдім және жүкті екенімді білдім...
Ол күн кешегідей есімде. Алматы облыстық ЖИТС орталығына келіп, емдеуші дәрігеріме жолықтым. Ол мені оңаша бөлмеге шақырып, АИТВ жұқпасының нәтижесін көрсетті. Оның қандай ауру екенін, қалай жұғатынын түсіндіре бастады. Мен сене алар емеспін, өйткені мен АИТВ-инфекциясын жұқтыру қаупі жоғары адамдарға жатпаймын: инъекциялық препараттарды пайдаланбақ түгілі түрін де көрген емеспін, күйеуіне адал келіншекпін.
Дәрігер күйеуімнің нөмірін сұрап алды да, көз алдымда телефон соқты. Ертең тексерілуге келіңіз деп орталыққа шақырды. Қысқасы, көп ұзамай індетті күйеуімнен жұқтырғаным анықталды. Естіген бойда одан көңілім суып сала берді, бірден ажырасып кетсем бе деген де ойға келдім. Бірақ, дәрігер, психолог бізбен жақсылап сөйлесті. Күйеуім көзіме шөп салса да, екеуміздің тағдырымыз енді біржола байланып қалғанын түсіндім...
Басымда сан сұрақ. Мұны естісе туыстарым не дейді? Ең бастысы – құрсақтағы баламды аман-есен босанам ба? Жалпы, оның жағдайы қалай болмақ? Оның да статусы оң болады ма? Асыға күткен балама қандай өмір сыйладым деп қыстығып жылап жібердім...
Біз ЖИТС орталығының дәрігерлерінің айтқандарын мұқият орындап, уақтылы ем қабылдай бастадық. Өз басым осы бір ақ халатты абзал жандардың арқасында депрессиядан шықтым, өзім және балам үшін әрі қарай өмір сүруге күш таптым. Жүктілігім тоғыз айға толғанда кесер тілігімен босандым. Аллаға шүкір, балам АИТВ жұқпасынан аман туылды! Дәрігерлер емшекпен емізуге тыйым салғаны болмаса, балапаным ешкімнен кем емес, күліп-ойнап өсіп келеді.
Жыл бойы дәрігерлерден кеңес алып, тестілеу кезінде сынақтан өтіп, сұрақтарымызға жауап аламын, антиретровирустық емді жүйелі қабылдаймын. Осы күні күйеуім екеуміз екінші жүктілікті жоспарлап отырмыз, себебі дені сау баланы дүниеге әкелетінімізге бек сенімдіміз! Баршаңызға денсаулық, сәттілік тілеймін және ешқашан мойымаңыздар дегім келеді».