Қазақстанда мерез жаңа клиникалық хаттама бойынша емделетін болады

 

Шілде 2, 2026

Қазақстанда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мерезді диагностикалау, емдеу және оның алдын алу жөніндегі жаңартылған клиникалық хаттама бекітілді. Құжат пациенттерге медициналық көмек көрсетуді жетілдіруге, диагностика сапасын арттыруға, емдеу тәсілдерін стандарттауға, асқынулардың алдын алуға және туа біткен мерездің профилактикасына бағытталған.

Клиникалық хаттама ерте, кеш және туа біткен мерезді диагностикалау мен емдеу, сондай-ақ сақтандыратын емдеу мәселелерін біріктіреді. Бұған дейін бұл бағыттар жекелеген клиникалық хаттамаларда қарастырылған болатын. Оларды бір нормативтік құжатқа біріктіру медицина қызметкерлерінің аурудың әртүрлі түрлері бойынша өзекті ақпаратқа қолжетімділігін оңтайландыруға және халықаралық тәжірибеге сәйкес пациенттерді алып жүрудің бірыңғай тәсілін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жаңартылған хаттамада мерездің диагностикалық критерийлері, соның ішінде клиникалық, зертханалық және аспаптық тәсілдер егжей-тегжейлі жазылған. Мерез диагнозы расталған пациенттерді АИТВ инфекциясына міндетті түрде тексеруге ерекше назар аударылған.

Хаттаманың жеке маңызды бөлімі ретінде қатынастан кейінгі профилактиканың доксициклинмен жүргізілетін әдісі (ҚКП ретінде доксицилин ішу) енгізілді. Бұл тәсіл заманауи деректерді, сондай-ақ бактерияға қарсы препараттарды ұтымды пайдалану қажеттілігін ескере отырып, профилактикалық іс-шараларды тиімді регламенттеуге жол ашады.

Хаттамада мерезі бар жүкті әйелдерді алып жүруге ерекше назар аударылған. Құжатқа мерезі бар жүкті әйелдерде пенициллинге десенсибилизация жүргізу алгоритмі енгізілді. Бұл қағидатты маңызға ие, өйткені пенициллин жүкті әйелдердегі мерезді емдеу және туа біткен мерездің профилактикасы үшін тиімділігі дәлелденген жалғыз препарат болып қала береді.

Хаттаманы енгізу мерезді уақтылы анықтау деңгейін арттыруға, дәрілік заттарды ұтымды қолдануды қамтамасыз етуге, пациенттерді медициналық бағыттауды жақсартуға және нейромерез, көру ағзасының зақымдануы, инфекцияның жыныстық жолмен берілуі және туа біткен мерез жағдайлары сияқты қолайсыз салдардың қаупін төмендетуге септігін тигізеді.

барлық жаңалықтар »