Қазақстанда АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайларын тіркеу көрсеткіші төмендеді: оған ТМККК-ның әсері қандай

 

Шілде 3, 2026

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда халыққа көрсетілетін медициналық көмек көлемі айтарлықтай артты, бұл АИТВ-инфекциясын емдеу, диагностикалау және алдын алу ісіне де оң ықпалын тигізіп жатыр.

Жаңа Конституция күшіне енген уақыттан бастап мемлекеттің әлеуметтік саясатын дамытудың жаңа кезеңі басталады, онда адам денсаулығы ұлттық басымдықтардың бірі ретінде бекітілген. Конституцияның маңызды қағидаттардың бірі – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК).


Базалық медициналық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің бар-жоғына қарамастан, барлық азаматқа көрсетіледі.

ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес, АИТВ-инфекциясы кезіндегі медициналық көмек ТМККК шеңберінде көрсетіледі.


АИТВ-инфекциясына зерттеу жүргізу саны 2020 жылғы шамамен 3,1 млн-нан 2025 жылы 4 947 736-ға дейін өсті, бұл халықты тестілеумен қамтудың 22,4%-ына сәйкес келеді. Орта есеппен айына 412 мыңға жуық, яғни тәулігіне 13-14 мыңдай зерттеу жүргізіледі.

Ковидтен кейінгі кезеңдегі өсімнен кейін, 2025 жылы АИТВ-инфекциясының 3 426 жаңа жағдайы тіркелді, бұл 2020 жылғы деңгейге шамалас. Жедел деректер бойынша, 2026 жылдың бес айында 1 343 жаңа жағдай тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,6%-ға аз.


Елімізде экспресс-тестілеудің қолжетімділігі кеңейіп, ретровирусқа қарсы терапия алатын пациенттер саны артып келеді, қатынасқа дейінгі профилактика (PrEP) дамып, пациенттерді сүйемелдеудің заманауи цифрлық технологиялары енгізіліп жатыр.

барлық жаңалықтар »