Обычная версия сайта
Қазақстан Республикасы,
Алматы қ, Райымбек Д-лы,60
+7 (727) 39742 17 Тіркеу орыны
+7 (727) 39742 23 Қабылдау бөлімі
+7 (727) 39742 06 Сенім телефоны
1414 Бірыңғай байланыс орталығы
Қазан 19, 2026
Алматыда АИТВ-инфекциясының алдын алу, ерте диагностикалау және емдеудің қолжетімділігі мәселелеріне арналған «АИТВ: кеше, бүгін, ертең» атты халықаралық конференциясы өтіп жатыр. Оған Қазақстанның ЖИТС орталықтарының басшылары, Орталық Азия елдерінің мамандары, ДДҰ мен CDC өкілдері қатысуда.
Конференцияны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы ұйымдастырды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнара Сәрсенбаеваның мәліметінше, Қазақстанда АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін 36 мыңға жуық адам диспансерлік есепте тұр. 2026 жылдың басынан бері 2 мыңнан астам жаңа жағдай анықталған.
«Біздің міндетіміз – уақтылы диагностикалаудан бастап, емдеу мен пациенттерді бақылауға дейінгі барлық кезеңде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті Гүлнара Сәрсенбаева.
Конференцияға қатысушылар АИТВ-ға тестілеудің қолжетімділігін арттыру, инфекцияны кеш анықтау жағдайларын азайту, сондай-ақ алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары мен мамандандырылған орталықтардың өзара әрекетін жақсарту жолдарын талқылап жатыр.
Қазақстанда АИТВ-инфекциясы негізінен жыныстық қатынас арқылы жұғады. Вирус қан арқылы, сондай-ақ анадан балаға жүктілік, босану немесе емшекпен емізу кезінде де берілуі мүмкін.
АИТВ құшақтасу, қол алысу, ортақ ыдысты пайдалану немесе ауа-тамшы жолы арқылы берілмейді. Инфекция ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтуі мүмкін, сондықтан АИТВ-ға уақтылы тестілеуден өту маңызды.
АИТВ-ға тестілеу және қажетті медициналық көмек тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде көрсетіледі. Ретровирусқа қарсы терапия инфекцияны бақылауда ұстауға және өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
АИТВ-ның анадан балаға берілуінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде. Жүкті әйелдерде АИТВ-инфекциясы анықталған жағдайда оларға қажетті ем тағайындалып, медициналық бақылау қамтамасыз етіледі. Конференцияда жарияланған мәліметтерге сәйкес, жүкті әйелдердің шамамен 96%-ы профилактикалық іс-шаралармен қамтылған.
Конференция АИТВ-инфекциясының алдын алу, диагностикалау және медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың заманауи тәсілдерін талқылауға, сондай-ақ тәжірибе алмасуға арналған алаңға айналды.