Шымкентте мамандар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша оқудан өтті

 

Тамыз 4, 2026

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен 2026 жылғы 30-31 шілде аралығында Шымкент қаласында ЖИТС-ке, туберкулезге және безгекке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық қор грантының іс-шаралары шеңберінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен мемлекеттік гранттарды іске асыру кезінде мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы қолдану мәселелері бойынша оқыту семинары өтті.

Семинардың мақсаты – мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға жауапты облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының денсаулық сақтау басқармалары мамандарының біліктілігін арттыру. Қатысушылар конкурстық құжаттаманы әзірлеу, сатып алу рәсімдерін өткізу, жобалардың іске асырылуына мониторинг жүргізу және мемлекеттік қаржыландыру тетіктері есебінен көрсетілетін қызметтердің тиімділігін бағалау мәселелерін қарастырды.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен мемлекеттік гранттарды іске асыруға үкіметтік емес ұйымдардың қатысуы үшін тең және ашық жағдайлар жасауға ерекше назар аударылды. Оқыту барысында қатысушылар жобаларды дайындаудың, өткізудің және сүйемелдеудің барлық кезеңдерін реттейтін бірыңғай тәсілдермен және практикалық алгоритмдермен танысты.

Тренерлер ретінде:
«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ельдар Сапаров;
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің Азаматтық бастамаларды қолдау басқармасының бас сарапшысы Әсел Құттыбаева;
ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектордың сатып алуы заңнамасы департаментінің бас сарапшысы Гаухар Ибраева сөз сөйледі.

барлық жаңалықтар »