Ақтөбе облысында АИТВ-инфекциясының тіркелу көрсеткіші төмендеді

 

Шілде 28, 2026

Ақтөбе облысында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстарының қорытындысы шығарылды. Өңірде аурудың жаңа жағдайларының саны тұрақты түрде төмендеп келеді: өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 26%-ға азайды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдер арасында АИТВ жұқтыру жағдайлары, сондай-ақ инъекциялық есірткі қолдану арқылы (есірткі тұтынушылар арасында) АИТВ-ның парентералды жолмен берілу жағдайлары тіркелген жоқ.

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының мәліметінше, оң нәтижелер ауруды ерте анықтау, профилактикалық бағдарламаларды кеңейту, тестілеудің қолжетімділігін арттыру және пациенттерді емдеуді жетілдіру бағытындағы кешенді жұмыстың нәтижесі. Ерекше назар халықтың негізгі топтарына, жастарға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ медициналық және эпидемиологиялық көрсеткіштері бар азаматтарға аударылуда.

Емдеу бағытында да жоғары нәтижелерге қол жеткізілді. 2026 жылы АИТВ анықталған барлық пациенттер уақытылы диспансерлік есепке алынып, диагноз қойылғаннан кейін бірден антиретровирустық терапияны бастады. Бүгінде өздерінің АИТВ-оң мәртебесі туралы білетін адамдардың 95%-ы ем қабылдауда, ал пациенттердің 94%-ында вирустық жүктеме басылған. Бұл көрсеткіштер республикалық мақсатты деңгейден жоғары және емдеудің тиімділігін, сондай-ақ АИТВ-ның әрі қарай таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.

Өңірде халықтың түрлі топтарын қолдауға бағытталған үкіметтік емес ұйымдардың алты жобасы табысты жүзеге асырылуда. Оның ішінде «Болашақ мұра» қоғамдық қоры мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жобаларды іске асырып келеді. Ал «Наша жизнь» қоғамдық қоры ЖИТС, туберкулез және безгекпен күрес жөніндегі Жаһандық қордың қолдауымен өз қызметін жүзеге асыруда.

«Қол жеткізілген нәтижелер – қоғамның барлық секторларының бірлескен әрі жүйелі жұмысының жемісі. Бұл іске денсаулық сақтау, білім беру ұйымдары, үкіметтік емес сектор, бұқаралық ақпарат құралдары және ең бастысы – қоғам белсенді түрде үлес қосуда. Осындай серіктестіктің арқасында ғана АИТВ инфекциясының алдын алу жұмыстары тиімді жүргізіліп, оң нәтижелерге қол жеткізуге болады» – деді Ақтөбе облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының басшысы Айгуль Дүйсенбаева.

Мамандардың айтуынша, оң нәтижелерге қарамастан, АИТВ инфекциясы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Өзінің АИТВ мәртебесін уақытылы білудің жалғыз жолы - тестілеуден өту. Заманауи диагностика қолжетімді, қауіпсіз әрі құпия түрде жүргізіледі, ал емді дер кезінде бастау АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толыққанды әрі белсенді өмір сүруге мүмкіндік береді.

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығында профилактикалық бағдарламаларды кеңейту, тестілеудің қолжетімділігін арттыру, ерте диагностиканы жетілдіру және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

барлық жаңалықтар »