Аурудың алдын алудан сүйемелдеуге дейін: ҚДИАҒО-да «Community Friends» қорының тәжірибесі таныстырылды

 

Шілде 21, 2026

ҚДИАҒО-да медицина қызметкерлері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен «Community Friends» қоғамдық қорының аутрич-қызметкерлері еліміздегі жетекші үкіметтік емес ұйымдардың бірінің жұмыс тәжірибесін талқылады.

АИТВ инфекциясының алдын алудың тиімділігін қалай арттыруға және инфекцияны ерте кезеңде қалай анықтауға болады? Бүгінде бұл мәселелер елімізде АИТВ-ға қарсы әсерлі әрекеттердің негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Бұл ретте халықтың негізгі топтарымен мақсатты түрде жұмыс істеп, профилактиканың тиімді құралдарын қолданатын үкіметтік емес ұйымдар ерекше рөл атқарады. Осындай табысты жұмыстың бір үлгісі – «Community Friends» қорының қызметі.

ҮЕҰ өкілдері аурудың алдын алудың барлығына бірдей қолданылатын әмбебап тәсіл жоқ екенін атап өтті. Еліміздің әр аймағындағы жұмыс тәжірибесі әртүрлі болғандықтан, өзара әрекет ету әдістерін қолданғанда халықтың әр негізгі тобының ерекшелігі мен жергілікті жағдайды ескеру керек.

Қатысушылар экспресс-тестінің оң нәтижесін алған сәттен бастап диспансерлік есепке қойылғанға дейін клиенттерді сүйемелдеу жүйесіне ерекше назар аударды. Профилактикалық жұмыстың тиімділігіне тікелей ықпал ететін аутрич-қызметкерлер үшін икемді ынталандыру жүйесін қалыптастыру да маңызды мәселе болып қала береді.

Мамандардың айтуынша, әр келесі жағдайды анықтау алдыңғысына қарағанда едәуір көп күш пен ресурсты қажет етеді. Бұл профилактикалық жұмыстың маңызын одан әрі арттыра түседі.

Сонымен қатар қатысушылар үкіметтік емес ұйымдар мен АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі аймақтық орталықтар арасындағы өзара әрекетті нығайту қажеттігін атап өтті. Мұндай күш біріктіру жаңа жағдайларды жедел анықтауға, пациенттерді бағыттау жүйесін жетілдіруге және профилактикалық бағдарламалардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде Қазақстанда 551 аутрич-қызметкер жұмыс істейді. Соңғы бір жылда олардың қатысуымен АИТВ инфекциясының 109 жағдайы анықталды. Олар күн сайын тікелей ортада жұмыс істейді: түнгі клубтар мен сауналарға барады, экспресс-тестілеу жүргізеді, қатынасуға дейінгі профилактикаға (ҚДП) арналған ретровирусқа қарсы препараттарды береді, кеңес береді, адамдарды тексеруден өтуге ынталандырады және медициналық көмек алудың барлық кезеңінде клиенттерді сүйемелдейді.
Олардың қызметі – АИТВ-ға қарсы ұлттық әрекеттің маңызды бөлігі әрі инфекцияның алдын алудың ең тиімді құралдарының бірі.

барлық жаңалықтар »