Мұстафа Рысұлы дүниеден өтті

 

Шілде 16, 2026

ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының ұжымы белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, дарынды ұстаз, жастардың тәлімгері әрі терең білімді тұлға Мұстафа Рысұлының 76 жасқа қараған шағында дүниеден өтуіне байланысты қайғыға ортақтасады.

Мұстафа Рысұлы 1950 жылғы 18 қазанда Жамбыл облысының Бірлік кентінде дүниеге келген. 1974 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының «Педиатрия» мамандығын үздік бітірген. 1977-1981 жылдары И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу медицина институтының аттас кафедрасында «Адам гистологиясы, цитологиясы және эмбриологиясы» мамандығы бойынша мақсатты аспирантурада білім алған.
Кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін Алматы мемлекеттік медицина институтында гистология және патологиялық анатомия кафедраларының ассистенті, сондай-ақ Орталық ғылыми-зерттеу зертханасының (ОҒЗЗ) патоморфология және электрондық микроскопия тобының меңгерушісі қызметтерін атқарған.
1991 жылдан бастап Халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек етіп, биология және гистология кафедрасының меңгерушісі, колледж директоры, проректор және университет ректоры қызметтерін атқарды. 1997-1999 жылдары Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының ректоры болды. Кәсіби қызметінің соңғы жылдарында Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының ғылым бөлімін басқарды.

Мұстафа Рысұлы – 170-тен астам ғылыми мақаланың, 8 монография мен оқу құралының, соның ішінде Қазақстан Республикасындағы медицина ғылымының даму мәселелеріне арналған еңбектердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бес патентінің авторы. Ол Қазақстандағы зертханалық медицина мамандарының алғашқы кәсіби ұйымының және «Зертханалық медицина» журналының негізін қалады.

Ғылыми қызметінің елеулі бөлігін дәрілік препараттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеу мәселелеріне арнады. Ұлттық аккредиттеу орталығы техникалық комитетінің мүшесі ретінде Қазақстанда ISO 22870 халықаралық стандартын енгізуге қатысты. 2005-2006 жылдары ҒЗИ-дың (Отар кентіндегі) Биологиялық қауіпсіздік проблемалары мамандарымен бірлесіп, кіндік қанының дің жасушаларын зерттеуге арналған жобаға қатысты.

Оның ғылыми қызметінің негізгі бағыттарының қатарында Қазақстан Республикасындағы жүрек-қантамыр ауруларына генетикалық зерттеулер жүргізу, ауруханаішілік микроағзалардың антибиотиктермен емдеуге сезімталдығы мен төзімділігін зерттеу, Алматы қаласында SARS-CoV-2 вирусына қарсы әртүрлі өндірушілердің екпелерінің тиімділігін салыстырмалы бағалау үшін бейтараптандырушы антиденелерді қолдану, сондай-ақ қазіргі медицина ғылымының басқа да көптеген өзекті бағыттары болды.

Мұстафа Рысұлы көрнекті ғалым, парасатты басшы және дарынды тәлімгер болды. Ол жоғары кәсібилігімен, ғылымға адалдығымен, табандылығымен, зиялылығымен және адамдарға деген шынайы құрметімен ерекшеленді. Ол отандық медицина ғылымының, жоғары медициналық білім беру мен зертханалық медицинаның дамуына зор үлес қосып, өзін «Ұста»з ретінде ризашылықпен еске алатын бірнеше буын мамандарын тәрбиеледі.

Мұстафа Рысұлы туралы жарқын естелік оның әріптестерінің, шәкірттерінің, достарының және онымен бірге еңбек етіп, араласу бақытына ие болған барша жанның жүрегінде мәңгі сақталады. Оның ғылыми мұрасы, өмірлік даналығы мен мамандығына қалтқысыз қызмет етуі болашақ ұрпақ үшін лайықты үлгі болып қалады.

Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының ұжымы Мұстафа Рысұлының туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Қайғыларыңызға ортақпыз, орны толмас ауыр қазаның арты қайырлы болсын.

 

барлық жаңалықтар »