Обычная версия сайта
Қазақстан Республикасы,
Алматы қ, Райымбек Д-лы,60
+7 (727) 39742 17 Тіркеу орыны
+7 (727) 39742 23 Қабылдау бөлімі
+7 (727) 39742 06 Сенім телефоны
1414 Бірыңғай байланыс орталығы
Маусым 30, 2026
25-27 маусым аралығында Ақтөбе қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы» (ҚДИАҒО) Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен және «Дерматовенеролог, дерматокосметолог мен лепрологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, «Дерматовенеролог, дерматокосметолог және лепрологтардың 20 өңірі» атты XIX Республикалық білім беру ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Шара үздіксіз медициналық білім беру бағдарламасы аясында өтіп, Дүниежүзілік витилиго күніне орайластырылды. Оған Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 280-нен астам маман, ғалым және жас дәрігер қатысты.
Конференция 2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және кәсіби тәжірибе алмасу үшін маңызды алаңға айналды. Дәл осы жерде алғаш рет кейіннен озық деп танылған тері ауруларын емдеу әдістері ұсынылған болатын. Мысалы, бұған дейінгі форумдардың бірінде витилигоны емдеудің инновациялық әдісі – бүгінде тәжірибеде сәтті қолданылып жүрген тар жолақты фототерапия таныстырылған еді.
ҚДИАҒО мамандары Витилиго және тері денсаулығы орталығымен бірлесе отырып, витилигоны емдеуде эпидермалды жасушаларды трансплантациялау әдісін қолдану бойынша Орталық Азиядағы көшбасшыларға айналды. Пациенттің өз терісін трансплантациялауға негізделген мұндай ота бүгінде әлемдегі ең тиімді емдеу әдістерінің бірі саналады.
Осы және басқа да озық әдістердің арқасында соңғы алты жылда Қазақстанда витилигомен ауыру көрсеткіші шамамен 1,2 есеге төмендеді. Еліміздегі басқа да тері аурулары бойынша жағдайды жақсарту мақсатында, ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес, биылғы жылы алты клиникалық хаттаманы, соның ішінде мерез, псориаз, қышыма аурулары бойынша жаңарту дайындалуда.
Емдеу мекемелерінде дерматовенерологиялық қызметтің сабақтас мамандары: подолог, трихолог, стоматологпен жұмыс істейтін арнайы кабинеттер жақсы нәтиже көрсетуде. Сондай-ақ пациенттер арасында дерматохирургия, дерматоонкология, психодерматология және сексуалды денсаулық кабинеттері сұранысқа ие болды.
Соңғы жылдары білім берудегі жаңашылдықтар мамандарды даярлау сапасын жақсартуға бағытталған. Озық халықаралық стандарттарға негізделген дерматовенерология бойынша арнайы резидентура бағдарламасы жұмыс істейді. ЖЖБИ-дің алдын алудың, диагностикалаудың және емдеудің заманауи аспектілері бойынша медицина қызметкерлерін қашықтықтан оқыту бағдарламасын және веб-порталды әзірлеу аяқталу сатысында. ЖЖБИ-ді диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері орта арнаулы, жоғары, қосымша және дипломнан кейінгі медициналық білім беру оқу бағдарламаларына енгізілді.
Конференция алаңында ҚДИАҒО резиденттерінің қатысуымен жас маман мектебі жұмыс істеді, онда жекелеген клиникалық жағдайлар мен аурулардың ерекшеліктері талқыланды. Шара аясында витилиго және созылмалы ауыр дерматоздары бар пациенттерге кеңестер беріліп, Ақтөбе облыстық тері-венерологиялық диспансерінің мамандарына ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсетілді.
Витилиго – бет пен денеде түссіз дақтар түрінде көрінетін созылмалы аутоиммунды тері ауруы. Бұл аурумен әлем халқының шамамен 1%-ы ауырады. Ауру өмірге қауіп төндірмейді және физикалық зияны жоқ, бірақ пациенттердің психоэмоционалдық жағдайына жиі қатты әсер етеді. Ауру кез келген жаста дамуы мүмкін, бірақ көбінесе 20 жасқа дейін басталады. Жыл сайын еліміздің дерматология мекемелеріне осы диагнозбен 15 мыңнан астам пациент жүгінеді.