Обычная версия сайта
Қазақстан Республикасы,
Алматы қ, Райымбек Д-лы,60
+7 (727) 39742 17 Тіркеу орыны
+7 (727) 39742 23 Қабылдау бөлімі
+7 (727) 39742 06 Сенім телефоны
1414 Бірыңғай байланыс орталығы
Маусым 26, 2026
Ақтаудағы облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығында «АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу» тақырыбында облыстық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – ана мен баланың денсаулығын қорғау, АИТВ-инфекциясының вертикальды жолмен берілуінің алдын алу шараларын жетілдіру және медицина қызметкерлерінің кәсіби білімін арттыру.
Семинарға мемлекеттік медицина ұйымдарының акушер-гинекологтары, педиатрлары және неонатологтары қатысып, барлығы 30 маман қамтылды.
Семинар жұмысына облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бибізада Дүйсенбаева мен АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының директоры Бердібек Саралтаев қатысып, ана мен бала денсаулығын сақтау бағытындағы профилактикалық жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
Бағдарлама аясында қатысушыларға Қазақстан Республикасы мен өңірдегі АИТВ-инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы, жүкті әйелдерді АИТВ-ға тестілеу, анадан балаға инфекцияның берілуінің алдын алу алгоритмдері, жаңа клиникалық ұсынымдар мен зертханалық диагностика мәселелері бойынша жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар мамандар АИТВ-инфекциясының алдын алу, жүкті әйелдер мен нәрестелерді бақылау, ерте диагностикалау және медициналық көмекті ұйымдастыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Қатысушылар анадан балаға АИТВ-инфекциясының берілу қаупін төмендету үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық шараларды жетілдіру және клиникалық хаттамаларды тиімді қолдану қажеттігін атап өтті.
Семинар барысында өңірдегі ахуалға талдау жасалып, жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың тиімділігі көрсетілді. Мамандардың айтуынша, жүкті әйелдерді АИТВ-инфекциясына уақытылы тестілеумен қамту, антиретровирустық терапияны дер кезінде тағайындау және медициналық бақылауды күшейту анадан балаға инфекцияның берілу қаупін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.
Биыл Маңғыстау облысында АИТВ-инфекциясының анадан балаға берілуінің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Бұл көрсеткіш өңірде жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың нәтижелілігін және медицина қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының тиімділігін айғақтайды. Сонымен қатар бұл жетістік жүкті әйелдерді ерте анықтау, сапалы медициналық сүйемелдеу және клиникалық хаттамаларды қатаң сақтау бағытындағы жұмыстардың оң нәтижесін көрсетеді.
Облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы мұндай білім беру іс-шаралары медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, үздік тәжірибелерді енгізуге және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстың сапасын одан әрі жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.