Ақтөбеде 280-нен астам маман тері ауруларын емдеудің заманауи тәсілдерін талқылайды

 

Маусым 25, 2026

25-27 маусым күндері Ақтөбе қаласында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы (ҚДИАҒО) Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетімен және «Дерматовенеролог, дерматокосметолог және лепрологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігімен серіктесе отырып, «Дерматовенеролог, дерматокосметолог және лепрологтардың 20 өңірі» атты ХІХ Республикалық білім беру ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізеді.

Іс-шара Дүниежүзілік витилиго күніне орайластырылған әрі үздіксіз медициналық білім беру бағдарламасы аясында өтеді. Жиынға еліміздің білікті мамандары мен ғалымдары, сондай-ақ жас дәрігерлер қатысады.

Оған Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан 280-нен астам делегат келеді деп күтілуде.
Бұл конференция 2015 жылдан бері ғылыми-тәжірибелік білім мен тәжірибе алмасатын беделді алаңға айналып үлгерді. Форумның басты мақсаты – пәнаралық ынтымақтастықты нығайтып, озық тәжірибемен алмасу және мамандандырылған медициналық көмек жүйесіне жаңашылдықтарды енгізу. Бағдарлама аясында тері ауруларын емдеудің заманауи тәсілдеріне арналған дәрістер оқылып, тұсаукесерлер мен шеберлік сабақтары өтеді. Әсіресе, биологиялық терапия, дерматохирургия, фототерапия сияқты тиімді емдеу әдістеріне ерекше назар аударылады.

Қатысушылар Қазақстан мен шетелде дерматология саласында жасалған соңғы ғылыми зерттеулермен танысады. Сонымен қатар, конференция аясында ҚДИАҒО резиденттерінің қатысуымен «Жас маман мектебі» өз жұмысын атқарады. Мектептің сессияларында нақты клиникалық жағдайлар мен түрлі аурулардың ерекшеліктері егжей-тегжейлі талданады. Бұдан бөлек, витилиго және ауыр созылмалы дерматозбен ауыратын пациенттерге кеңес беру жоспарланған. Ал жергілікті мамандарға ұйымдастыру-әдістемелік тұрғыдан қолдау көрсетіледі.

Кәсіби пікірталас барысында мамандар витилиго, лейшманиоз, супергонорея, псориаз, дерматоздар мен Ганзен ауруын диагностикалау және емдеу мәселелерін ортаға салады.
Витилиго – адамның беті мен денесінде ақ дақтардың пайда болуымен сипатталатын созылмалы аутоиммундық тері ауруы. Әлем халқының шамамен 1 пайызы осы дертке шалдыққан. Бұл ауру адам өміріне қауіп төндірмейді және физикалық тұрғыда ешқандай зиян келтірмейді. Дегенмен, ол пациенттің психоэмоционалдық жағдайына айтарлықтай кері әсерін тигізуі мүмкін. Ауру кез келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ көп жағдайда 20 жасқа дейін басталады.
Жыл сайын еліміздегі дерматологиялық мекемелерге дәл осы диагнозбен 15 мыңнан астам пациент жүгінеді.

барлық жаңалықтар »