Медицина қызметкері күніне орай табысталған жоғары марапат

 

Маусым 23, 2026

ҚДИАҒО референс-зертханасының меңгерушісі Ғалия Қажымұратқызы Тәжібаева жоғары мемлекеттік марапат — «Шапағат» медаліне ие болды.

Марапатты салтанатты түрде табыстау рәсімі Медицина қызметкері күні қарсаңында өтті. Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды сала ардагерлері мен медицина қауымдастығы өкілдерімен өткен кездесуде медалді Ғалия Қажымұратқызына өз қолымен табыс етті.

Ғалия Қажымұратқызы – АИТВ қызметінде 37 жылдық еңбек өтілі бар, зертханалық диагностика саласының жоғары білікті маманы. Кәсіби қызметі барысында ол өзін білікті сарапшы, республикалық деңгейдегі денсаулық сақтау ісінің дарынды ұйымдастырушысы әрі көптеген мамандардың тәлімгері ретінде көрсете білді.
Оның көпжылдық еңбегі, жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы зертхана қызметін дамытуға және АИТВ-инфекциясының диагностикасын жетілдіруге сүбелі үлес қосты. Ғалия Қажымұратқызы АИТВ-ны зертханалық диагностикалау саласындағы ғылыми жарияланымдардың бірлескен авторы және саланың ғылыми-тәжірибелік әлеуетін дамытуға белсене атсалысып келеді.
ҚДИАҒО ұжымы Ғалия Қажымұратқызын осы лайықты марапатымен шын жүректен құттықтайды! Оған мықты денсаулық, береке, сарқылмас қуат пен шабыт, сондай-ақ отандық денсаулық сақтау саласының игілігі жолында жаңа кәсіби белестерді бағындыра беруін тілейміз!

барлық жаңалықтар »