Көкшетауда «Барлығын өз көзіңмен көру» атты ашық есік күні өтті  

 

Маусым 11, 2026

Облыстық психикалық денсаулық орталығында Есірткі құралдарын теріс пайдалануға және олардың заңсыз айналымына қарсы күрестің халықаралық күніне орай «Барлығын өз көзіңмен көру» атты ашық есік күні өтті.

 Іс-шараға Көкшетау қаласындағы колледж студенттері қатысты. Жастар орталықтың қызметімен танысып, тәуелділіктің алдын алу мен оны емдеудің заманауи тәсілдері туралы мәлімет алды. Сонымен қатар олар есірткі заттарын қолдану фактісін анықтауға арналған жедел тестілеудің қалай жүргізілетінін өз көздерімен көрді.

 Қонақтарға экскурсияны наркология бағыты бойынша бас дәрігердің орынбасары Муслим Загиров жүргізді. Іс-шараға сондай-ақ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының және Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының өкілдері қатысты.

 Экскурсиядан кейін жастар денсаулығын сақтау мәселелеріне арналған интерактивті кездесу өтті. Мамандар психоактивті заттарды қолданудың салдары, олардың адамның физикалық және психикалық денсаулығына әсері, сондай-ақ АИТВ-инфекциясының таралу қаупі туралы әңгімеледі.

 Ақмола облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының маманы Нұрлыбек Қоныспаевтың айтуынша, есірткі заттарын, әсіресе жаңа психоактивті заттарды (ЖПЗ) қолдану АИТВ жұқтыру қаупін едәуір арттыруы мүмкін. — АИТВ-инфекциясы адамның мінез-құлқымен тікелей байланысты аурулардың қатарына жатады. Сондықтан сенімді ақпаратқа ие болып, күнделікті өмірде қарапайым әрі тиімді алдын алу шараларын қолдану өте маңызды, — деді маман.

 Кездесу барысында қатысушылар өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау және ақпаратты тек сенімді көздерден алу қажеттілігіне ерекше назар аударды.

Полиция подполковнигі Разия Курсанова студенттерге психоактивті заттар мен дәрілік препараттардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік туралы айтып берді. — Бүгінде психотроптық дәрілік препараттарды дәрігердің рецептісіз және мұндай қызметпен айналысуға құқығы жоқ адамдардың таратуы қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Өкінішке қарай, мұндай фактілер біздің облыста да кездеседі. Сондықтан бұл бағыт құқық қорғау органдарының ерекше бақылауында, — деп атап өтті ол.

 Іс-шара соңында қатысушылар АИТВ-ға ерікті түрде жедел тестілеуден өту мүмкіндігіне ие болды. Жалпы акцияға 30-дан астам адам қатысып, олардың 14-і өз АИТВ-мәртебесін анықтады.

 Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай кездесулер жастардың өз денсаулығына саналы көзқарасын қалыптастыруға, ақпараттылық деңгейін арттыруға және тәуелділіктер мен әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алуға ықпал етеді.

барлық жаңалықтар »