Жаһандық қорға жаңа өтінім дайындау жұмыстары жалғасуда

 

Маусым 8, 2026

5 маусымда Алматы қаласындағы UNDP кеңсесінде Қазақстан Республикасының Жаһандық қорға жаңа өтінімін дайындау мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Кездесуде мүдделі тараптардан түскен ұсыныстарды талдау нәтижелері талқыланды.

Ұсыныстарды талдау нәтижелерін талқылау және ұсынымдар әзірлеу мақсатында ЕКК (Елдік үйлестіру комитеті) жұмыс тобының мүшелері, ҚР ДСМ, ҚГДЖАҒО, ҮЕҰ мен азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдері, сарапшылар, халықтың негізгі топтарының өкілдері және бенефициарлар бас қосты.
Бұл кездесуге дейін үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. АИТВ-ның алдын алу орталықтарының қызметкерлерімен консультациялар өткізілді, халықаралық кеңесшілермен кездесулер ұйымдастырылды, сондай-ақ ҮЕҰ, азаматтық қоғам және халықтың негізгі топтарының өкілдерімен ұсыныстар талқыланды. Жұмыс тобы барлық келіп түскен ұсыныстарды қарап, мүдделі тараптармен ашық диалог жүргізді.
Қатысушылар жаңа өтінімді дайындау кезінде ең маңызды бағыттарды дұрыс анықтау қажет екенін атап өтті. Әсіресе, тиімділігі дәлелденген шараларды сақтап қалу, халықтың негізгі топтары мен АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар әртүрлі секторлар арасындағы өзара жұмысты күшейту қажет екені айтылды.
Ұсыныстар тек қазіргі қажеттіліктер тұрғысынан ғана емес, гранттық қолдау аяқталғаннан кейін ұлттық бағдарламаның тұрақты жұмыс істеуіне қосатын үлесі жағынан да қаралды. Ортақ мақсат – қол жеткізілген нәтижелерді сақтап қалатын, нақты әрі негізделген шешімдер әзірлеу. Бұл Қазақстанның 2030 жылға қарай АИТВ індетін қоғамдық денсаулыққа қауіп төндірмейтін деңгейге жеткізу мақсатына жақындай түсуіне мүмкіндік береді.
Жоспар бойынша, өтінім 10 шілде күні бекіту үшін ЕКК қарауына ұсынылады.

 

барлық жаңалықтар »