Алдын алу - аурудың дамуын болдырмаудың тиімді жолы

 

Маусым 1, 2026

Шымкент қаласының «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсты күрес жөніндегі орталық» МКҚК-ның мамандары Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы» МККҚ-да АИТВ инфекциясының алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында халықпен кездесіп, әңгіме-сұхбат жүргізіп, мекеменің медицина қызметкерлерімен семинар өткізді.

Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты “Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы” кәмелет жасқа толған белгілі тұрғылықты жері жоқ, жеке басын куәләндыратын құжаттары жоқ және шартты түрде сотталған азаматтарға қызмет көрсетеді.
Семинар барысында АИТВ-инфекциясының алдын алу, халық арасында кездесетін негізгі қауіп факторлары (қауіпсіз мінез-құлық, жыныстық сауаттылық, медициналық тексерулер, салауатты өмір салтын ұстану жолдары) талқыланды, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды кемсіту және стигмалаудан (таңбалау) қорғаудың маңыздылығы айтылды.
Сонымен қатар мамандар мекеменің тұрғындарымен кездесіп, әңгіме-сұхбат жүргізді. АИТВ-ның алдын алу жолдары түсіндірілген парақшалар таратып, АИТВ жайында мәлімет берді. Сондай-ақ, өз АИТВ мәртебесін білгісі келген әрбір адамға 4-ші буын тест-жүйелерін пайдалана отырып, АИТВ-ға антиген мен антиденелерді анықтау үшін экспресс-тестілеу ұсынылды. Соның арқасында тұрғындар талдау нәтижесін 20 минут ішінде біле алды.
Мекеменің тұрғындарына АИТВ-ға қатысты туындаған сұрақтарына жауап немесе арнайы мамандардан кеңес ала алулары үшін дәрігерлердің визиттік карточкалары таратылды. Сондай – ақ «Сенім бекеттеріне» де жүгінулеріне болатыны айтылды. Тұрғындардың АИТВ жайында мәліметтерге назарларын аударту мақсатында мекеменің қабырғаларына ілу үшін АИТВ-ның алдын алу бойынша құрылған танымдық плакаттар берілді.
Мекеменің дәрігері А.Пернебаева: «ЖИТС орталығының мамандарына өткізген пайдалы семинар үшін алғысымызды білдіреміз. Семинарлар – жай ғана білім беру іс-шарасы емес, қауіпсіз медициналық орта құру, ерте диагностикалау және науқастың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстың құралы. Қарастырылған мәліметтер біз үшін өте құнды әрі маңызды болды. Сіздердің кәсіби біліктіліктеріңіз, қолдауларыңыз бен тәжірибелеріңіз қоғамға үлкен пайдасын тигізуде. Адамдарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ақпараттық қолдау көрсетіп жүрген еңбектеріңізге табыс тілейміз», - деп жылы лебізін білдірді.
Семинар соңында ЖИТС орталығының мамандары салауатты өмір салты мен адамның өз денсаулығына ортақ жауапкершілігі қағидаты денсаулық сақтау саласындағы және халықтың күнделікті өміріндегі басты принципке айналуы тиіс екенін атап өтті.
Сонымен қатар мекемеге жаңадан келген адамдарға ыңғайлы болу үшін ЖИТС орталығының мамандары өздері келіп, жедел тест алып, түсіндіру жұмысын жүргіздіріп отыруға меморандум құру ұсынылды.

барлық жаңалықтар »