«SHALQAR» радиосының тікелей эфирінде АИТВ инфекциясының алдын алу мәселелері талқыланды

 

Мамыр 28, 2026

 ЖИТС-тен қайтыс болған адамдарды еске алу күніне орай ұйымдастырылған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары аясында Астана қаласы АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Эльвира Утелова «SHALQAR» республикалық радиосының «Жандауа» бағдарламасына тікелей эфирде қатысты.

Эфир барысында тыңдармандарға АИТВ инфекциясының алдын алу жолдары, Астана қаласындағы эпидемиологиялық ахуал, заманауи емдеу тәсілдері және инфекцияны ерте анықтаудың маңызы туралы ақпарат берілді.

Эльвира Қыдырәліқызы АИТВ-ға тұрақты түрде тест тапсыру мен ерте диагностика инфекцияның таралуын төмендетудегі маңызды шаралардың бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, ауруды уақытылы анықтау емді ерте бастауға, оның тиімділігін арттыруға және вирустың одан әрі таралу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ эфирде АИТВ-ға тест тапсыру ұсынылатын қауіп факторлары туралы айтылды. Олардың қатарында қорғалмаған жыныстық қатынас, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар, сондай-ақ зарарсыздандырылмаған медициналық немесе инъекциялық құралдарды пайдалану бар.

Маман мұндай қауіп факторлары болған жағдайда, клиникалық белгілер байқалмаса да, уақтылы тексеруден өту қажет екенін жеткізді. Ерте тестілеу инфекцияны бастапқы кезеңінде анықтап, қажетті емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.

Астана қаласының АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы тұрғындардың ақпараттану деңгейін арттыруға, профилактика мәдениетін қалыптастыруға және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау қағидатын нығайтуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жалғастырып келеді.

 

барлық жаңалықтар »