Донорлардың қатысуынсыз АИТВ бағдарламаларын мемлекеттік қаржыландыруға көшу  

 

Сәуір 29, 2026

2026 жылғы 27 сәуірде ҚДжИАҒО-ға жұмыс сапарымен ЖИТС, туберкулез және безгекке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық қордың Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша портфолио менеджері Цовинар Саканян келді.

ҚДжИАҒО директоры Роза Тохтаналиевна Куанышбекова ЖҚ өкілін 2026-2030 жылдарға арналған АИТВ-ға қарсы әрекет жөніндегі Жол картасының орындалу барысымен, сондай-ақ профилактика және тестілеу бағдарламаларын тек негізгі топтар арасында ғана емес, жалпы халық арасында да кеңейту мүмкіндіктерімен таныстырды.

  • Бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі –АИТВ ауруына шалдыққанды кеш анықтау, соның салдарынан бұл өз кезегінде емдеуді қиындатады. Ауруды дер кезінде анықтау терапияны ерте кезеңде бастауға мүмкіндік беріп, пациенттердің өмір сапасын едәуір жақсартатыны өздеріңізге мәлім. Ауруды ерте кезеңде анықтау –АИТВ-инфекциясының алдын алу мен емдеудегі басты басымдықтардың бірі, –деп атап өтті Роза Тохтаналиевна.

Кездесу барысында Жаһандық қордың қолдауымен іске асырылып жатқан қолданыстағы бағдарламалардың нәтижелері де таныстырылды.

Цовинар Саканян ЖҚ бағдарламаларын іске асыру тобына тиімді әрі мақсатты жұмысы үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанның бүгінде АИТВ-ға қарсы әрекет ету саласында инновациялық тәсілдерді енгізуде, соның ішінде цифрлық шешімдер, өз-өзін тестілеуге қолжетімділікті кеңейту және қызмет көрсетудің заманауи модельдерін дамыту бағытында көшбасшы елдердің бірі екенін атап өтті.

Сапар аясында АИТВ бағдарламаларының тұрақтылығын нығайту, институционалдық әлеуетті дамыту және қол жеткізілген нәтижелердің сабақтастығын қамтамасыз ету бойынша алдағы қадамдар талқыланды.

Жаңа елдік гранттық өтінімнің басым бағыттарына ерекше назар аударылды. Ол АИТВ-ны ерте кезеңде анықтау және емдеуді дер кезінде бастау мақсатында тестілеуді кеңейтуге, өз-өзін тестілеуді және индекстік тестілеуді қолдануға, байланысқа түскенге дейінгі профилактиканы кең ауқымда енгізуге, сондай-ақ АИТВ бағдарламаларын донорлардың қатысуынсыз толықтай мемлекеттік қаржыландыруға көшуге бағытталған.

барлық жаңалықтар »