Маңғыстауда Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған науқан өз мәресіне жетті

 

Желтоқсан 10, 2025

Маңғыстау облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы 1 желтоқсан – дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен өткен кең ауқымды науқанның салтанатты жабылу рәсімін өткізді.

Іс-шараға Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева және АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы басшысының орынбасары Ғалым Алтураев, байқау қатысушылары мег жастар қатысты.

Науқанның мақсаты - өңірде АИТВ-инфекциясының алдын алу жұмыстарын жандандыру, халықтың сауаттылығын арттыру, жастар мен негізгі топтар арасында инфекцияның таралу қаупін азайту, ауруды ерте анықтау және уақытылы ем жүргізу. Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы түсіндіру, қауіпті мінез-құлықтың алдын алу бағытында ақпараттық жұмыстар жүргізілді.

Бибізада Дүйсенбаеваның айтуынша, 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткен бір айлық науқанға өңірдің барлық сала өкілдері тартылған.

- 1- желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні болып белгіленген. Осы арада 10-қараша мен 10-желтоқсан аралығында науқан өткізілді. Науқанға жастар мен халықты ақпараттандыру бағытында тек медициналық ұйымдар ғана емес, қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері, білім беру ұйымдары да ат салысты. Білім беру ұйымдарында АИТВ инфекциясының алдын алу туралы дәрістер, дебаттар, тренинг-семинарлар өткізілген болса, медициналық ұйымдарда ашық есік күндері өткен болатын, - деді Бибізада Дүйсенбаева.
Іс-шараның қорытындысында науқанға белсенді қатысқан азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары анықталды.
Оқушылар арасындағы сурет байқауының жеңімпаздары:

• I орын – Саян Санақ, Қарақұм мектебінің 11-сынып оқушысы;
• II орын – Асель Табынбаева, Батыр ауылындағы №19 мектептің 9-сынып оқушысы;
• III орын – Нұрболат Юсупов, Мұнайлы ауданы №6 мектептің 11-сынып оқушысы.

Студенттер арасындағы бейнеролик байқауының жеңімпаздары:

• I орын – Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі;
• II орын – Н. Бекбосынов атындағы Маңғыстау энергетикалық колледжі;
• III орын – Түпқараған гуманитарлық колледжі.

Іс-шара соңында ұйымдастырушылар денсаулықты қорғау, жастардың ақпараттандыру және АИТВ-ға қарсы күрес бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

барлық жаңалықтар »