Атырауда оқушылар арасында сурет байқауы өтті

 

Желтоқсан 8, 2025

«АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» республикалық ақпараттық науқаны аясында Атырау қаласында мектеп оқушылары арасында сурет салудан байқау ұйымдастырылды.

Шығармашылық сайысқа 50-ден аса оқушы қатысып, өздерінің сурет өнеріне деген қызығушылықтарын, сондай-ақ қоғамдық маңызды мәселелерге бейжай еместігін көрсетті. Байқауға Атырау облыстық дарынды балаларға арналған Ұлттық гимназияның және Атырау Жұбан Молдағалиев атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары белсенді түрде атсалысты.

Байқаудың негізгі мақсаты – оқушылар арасында АИТВ туралы дұрыс ақпарат қалыптастыру, жастарды салауатты өмір салтына ынталандыру, сонымен бірге олардың шығармашылық қабілетін дамыту. Шара балалардың қоршаған ортадағы әлеуметтік мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыруға және жауапкершілік сезімін арттыруға бағытталды.

Шара қорытындысында үздік деп танылған қатысушылар АИТВ инфекциясының алдын алу орталығының атынан арнайы дипломдармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

барлық жаңалықтар »