Жасөспірімдердің денсаулығы – ұлттың болашағы

 

Желтоқсан 1, 2025

2025 жылдың 24-28 қарашасы аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні науқаны аясында Шымкент политехникалық колледжінде «Жастар денсаулығы – ұлт болашағы!» апталығы өтті. Апталық барысында бірінші курс студенттері «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан трансформацияға дейін» тақырыбында өткізілген дәрістер мен тренингтерге қатысты.

Іс-шара барысында ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының мамандары М.Г. Моисеева, Д.Ж. Кутмамбетова және Д.А. Ибайдуллаева АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды алдын алу, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушілікті, салауатты өмір салтын және жас ұрпақ үшін моральдық-этикалық және жыныстық тәрбиенің маңыздылығын талқылады.

Дәрістер барысында студенттердің сұрақтарына жауап берілді, бейнероликтер көрсетілді, сауалнамалар мен интерактивті ойындар өткізілді.  Іс-шараның мақсаты балаларға ақпарат пен білімді дұрыс пайдалана білудің және жауапкершіліктің қаншалықты маңызды екенін көрсету.

Кездесу барысында М.Моисеева: «Әрбір адамның денсаулығы – бақуатты өмірдің негізі. Болашақ ұрпақтың денсаулығы мен өмір сүру сапасы жастардың денсаулығына байланысты. Сіздер, жас ұрпақ өкілдері ретінде, еліміздің демографиялық және интеллектуалдық әлеуеті болып табыласыздар, ал біздің болашағымыз сіздердің денсаулығыңызға байланысты», - деп жастарды салауатты өмір сүруге талпындырды.

 Студенттер өз кезегінде АИТВ-ның алдын алу мәселелерін шешу бойынша өз пікірлері мен көзқарастарын білдірді.

351-топтың бірінші курс студенті Айқын: «Бүгін бізде АИТВ, жыныстық жолмен берілетін инфекциялар және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушіліктің алдын алу туралы дәріс болды. Дәріс өте танымды және маңызды болды. ЖИТС орталығының маманы материалды өте анық түсіндірді, нақты мысалдар келтірді және біздің барлық сұрақтарымызға ешқандай сын айтпай жауап берді, біздей жастарға уақтылы берген кеңестері үшін ризашылығымды білдіремін» - деді.

952-топтың бірінші курс студенті Максим: «Дәрістер өте пайдалы, ақпараттар қолжетімді және түсінікті болды. Маман АИТВ және жыныстық жолмен берілетін инфекциялар жайында мәліметтер беріп, денсаулыққа қамқорлықпен және жауапкершілікпен қараудың маңыздылығы туралы сұрақтарға жауап берді.  Нәтижесі біз күтпеген өте қызықты ойындар ойналды. Ақпарат үшін рақмет».

барлық жаңалықтар »