Басты назарда - АИТВ-ның берілуін қылмыс деп танымау

 

Желтоқсан 15, 2023

15 желтоқсанда Астанада АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Қазақстандық одағы 118-баптың 1-бөлігін (басқа адамды көрінеу қауіп-қатерге қалдыру) алып тастау бөлігінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізуді талқылау жөнінде  дөңгелек үстел өткізуге бастамашы болды.

 Кездесуге мемлекеттік органдардың (Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері), Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының, ЮНЭЙДС, азаматтық қоғамның, АИТВ-инфекциясы және туберкулез мәселелері жөніндегі халықаралық ұйымдармен жұмыс жөніндегі Елдік үйлестіру комитетінің, сондай-ақ Қазақстандағы ЕҮК Хатшылығының өкілдері қатысты.

Б. Байсеркин – ҚДИАҒО директоры үстіміздегі жылғы 11 айдың нәтижелері бойынша елімізде жаңа АИТВ жағдайының төмендеуі байқалатынын айтып, қатысушылардың назарын аударды. Бұл, сөзсіз, жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстың тиімділігінің нәтижесі. Барлық жетістіктер медицина қызметкерлері мен үкіметтік емес сектордың белсенді өзара іс-қимылы мен ынтымақтастығы кезінде мүмкін болады.

Азаматтық қоғам өкілдері АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың құқықтарын жүзеге асыруға тікелей әсер ететін заңнаманы өзгерту процесіне белсене қатысады. АИТВ-ның берілуіне қылмыстық, әкімшілік және/немесе өзге де жауапкершілікті белгілейтін Қазақстан Республикасындағы нормативтік-құқықтық актілердің тізбесін айқындау бойынша ұлттық заңнамаға талдау жүргізілді.

Кездесуге қатысушылар АИТВ-ның берілуін қылмыс деп танымау бойынша стратегия әзірледі. Жақын арада құқық қолдану практикасын есепке ала отырып,  талқыланатын құжаттардың баптарына өзгерістер енгізу бойынша қосымша талдау жүргізу туралы шешім қабылданды.

барлық жаңалықтар »