ШҚО-да АИТВ бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс беруге өтінім дайындалды

 

Қазан 31, 2023

Шығыс Қазақстан облысында АИТВ-ға байланысты профилактика, күтім және қолдау қызметтерін ұсыну бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты енгізу тиімділігін қалай арттыруға болады?

Бұл туралы 31 Қазанда Өскемендегі дөңгелек үстелде мемлекеттік, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері талқылап, пікір таластырды. Іс-шара USAID-тің "Эпидемияны бақылау жөніндегі мақсаттарға қол жеткізу және шараларды жалғастыру" ЕpiС жобасы аясында ҚДИАҒО қатысуымен ұйымдастырылды.
Қатысушылар арасында: Д. Рыпаков - облыстық Мәслихаттың төрағасы, Мәслихат депутаттары, облыс әкімдігі басқармаларының өкілдері бар.
ҚДИАҒО директоры Б. Байсеркин өз сөзінде - бүгінде ҮЕҰ-ның АИТВ-ға қарсы іс-қимыл жүйесіндегі қызметі өте өзекті екенін атап өтті. Олар негізгі топтарға қол жеткізе алады және АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты стигма мен кемсітушіліктің төмендеуіне ықпал етеді. ШҚО-да инфекцияның таралуы мен есірткіні тұтынудың жоғары деңгейі бар. Сондықтан ҮЕҰ-ның мемлекеттік тапсырысы болуы маңызды. Жалпы, елімізде бір жыл ішінде халықтың негізгі топтарымен жұмыс істейтін және 9 өңірде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алған ҮЕҰ саны 5-тен 14-ке дейін өсті.
ҮЕҰ-ның АИТВ індетін тұрақты бақылаудағы маңызды рөлі туралы ЕріС кеңесшісі Б. Әсембеков айтып берді. Мемлекет пен ҮЕҰ арасындағы тұрақты, сындарлы әріптестік АИТВ-ға қарсы жауап ретінде ортақ мақсаттарға қол жеткізуге ықпал етеді. ҮЕҰ-ның қатысуы мемлекет ұсынатын қызметтердің сақталуына және тиімділігін арттыруға ықпал етуі мүмкін. Ұлттық қаржыландыруға көшетін елдердің көпшілігінде АИТВ-ның таралуы шоғырланған кезеңде, яғни халықтың негізгі топтары арасында ғана бар.
Астана қаласы АИТВ - ның алдын алу орталығының бас дәрігері Қ. Асқаров оң тәжірибе жайлы ақпарат ұсынды. Елордада АИТВ саласында үш ҮЕҰ жұмыс істейді: "Human Health Institute" ҚҚ, "Шаг в будущее" ҚҚ, "Жизнь вопреки"ҚҚ. 2022 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа 42,5 млн теңге бөлінген.
Қатысушылар ҮЕҰ үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың мынадай артықшылықтарын анықтады:
* ресурстарға қол жетімділікті арттыру,
* ресурстар мен персоналдың өсуіне байланысты мүмкіндіктерді арттыру,
* мемлекеттік саясатқа әсер ету және мәселеге көзқарасты жақсарту мүмкіндігі,
* стигма мен кемсітушіліктің төмендеуі
* тұрақты қаржыландыру,
* әрбіріне өз миссиясын жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер.

Дөңгелек үстел ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының АИТВ-ның алдын алу бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жобаларына қаражат бөлуге бюджеттік өтінімін қолдау бойынша практикалық қадамдарды талқылаумен аяқталды. Облыстық ЖИТС орталығы 29,7 млн теңгеге бюджеттік өтінім дайындады.

барлық жаңалықтар »