Алматы облысында футболдан жарыс өтті

 

Мамыр 23, 2023

19 мамыр 2023 жылы  Алматы облысы, Жамбыл ауданына қарасты Қарғалы ауылындағы аурухананың спорттық алаңында  ЖИТС-тен қайтыс болғандарды еске алудың Халықаралық күніне орай мектеп оқушылары арасында футболдан  жарыс өтті.

Жастар арасында АИТВ жұқпасының алдын алуды мақсат тұтқан турнирді Алматы облыстық ЖИТС орталығының алдын алу бөлімінің мамандары ұйымдастырды.

Эпидемиолог мамандар А.Кенжебекова мен Е.Нұрмағанбетов спортты сүйетін ауыл жастарына  АИТВ-жұқпасы жайлы, оның берілу жолдары мен алдын алу шаралары туралы  қысқаша  мәлімет берді. Сондай-ақ, жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде бүкіл әлемде аталып өтілетін Дүниежүзілік күннің мақсаты мен маңызын түсіндірді.

«Жарайсыңдар, балалар! Спортпен айналысу, жаман әдеттерден аулақ болу – ең жақсы профилактика!» - деп мақтап қойды жас спортшыларды дәрігерлер.

Жарысқа   Қ.Әбсеметов атындағы №1 орта мектеп, №3 Қарғалы орта мектебі мен №2 лицейдің 10-11 сынып оқушылары қатысып, жүлделерді сарапқа салды. 

Ауыл балаларының жасыл алаңдағы ойыны өте тартысты әрі қызықты болды. Нәтижесінде №2 лицей командасы жеңіске жетті.

Турнирге қатысып, үш орынды өзара бөлісіп алған үш командаға арнайы кубок, ал жекелеген үздік спортшыларға  мынадай номинациялар тапсырылды: «Үздік ойыншы» - Асылбек Бердіниязов,  «Үздік шабуылшы» - Болат Әділет, «Үздік қақпашы» - Арсен Жұмабаев, «Үздік қорғаушы» - Жәнібек Ұзақбаев, «Үздік жартылай қорғаушы» - Адайбек Көшербай мақтау қағазы,  бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

барлық жаңалықтар »