Алматы облысында дөңгелек үстел өтті

 

Ақпан 10, 2023

10 ақпан 2023 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауылындағы Абдолла Қарсақбаев атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Жастар денсаулығы және АИТВ инфекциясын алдын алу» атты дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараны ЖИТС-тiң алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығы  мамандары Жамбыл аудандық  орталық ауруханасы дәрігерлерімен бірлесе ұйымдастырды. Басқосуға мектеп директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты.

Дөңгелек үстелді Жамбыл аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Зейналаева кіріспе сөзбен ашып, АИТВ инфекциясы жастар арасында да кең таралғанын атап өтті. Облыстағы эпидемиологиялық жағдайды алдын алу бөлімінің эпидемиолог дәрігері А.Сұлтанова түсіндіріп өтті:

–Алдын алу бағдарламаларының басым бағыттарының бірі – 15-19 жас аралығындағы жастармен жұмыс болып табылады, өйткені қазіргі жастардың жыныстық белсенділігінің ертерек басталуы, жыныстық жұқпалардың көбеюі және инъекциялық есірткімен АИТВ жұқтыру жағдайлары жиі кездесуде. Алматы облысында өткен жылдың 12 айлық эпидемиологиялық көрсеткіші бойынша АИТВ-инфекциясымен 266 жаңа жағдайы тіркелді. Оның ішінде 12,8% - инъекциялық есірткіні тұтынушылар, жыныстық жолмен берілу- 81,2%, гомосексуалдық- 0,8%. Осы орайда айтарым - қоғамда АИТВ жұқтырған жандарға стигма мен кемсітушілік көрсетуге болмайды. Мектептерде АИТВ-инфекциясы бар балаларды қабылдаудан бас тарту немесе мұғалімдерді жұмыстан шығаруға жол берілмеуі керек, - деп сөзін аяқтады дәрігер.

Жамбыл аудандық ауруханасының гинеколог дәрігері А.Жылысбек ерте жүкті болудың зияны туралы айтса, нарколог дәрігер Т.Күлімбетов пен психолог А.Тұңғышбаева ұл-қыздардың психологиялық денсаулығына тоқталып, мінез-құлықтық тәрбие жайлы кеңестерін берді.

Жалпы, дөңгелек үстел жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мамандар белсенді қатысып отырды. Осы тақырыптар бойынша қатысушылар әр мектепте мұғалімдер мен жоғары сынып оқушылары үшін АО ЖИТС орталығының мамандары  семинар өткізсе деген тілек білдірді.

Іс-шараға 66 адам қамтылды.  

барлық жаңалықтар »