Алматыда Ж.Ә. Оразымбетова атындағы VI дерматологиялық оқулар өтті

 

Сәуір 14, 2025

Алматыда 10-11 сәуірде Ғылым күні аясында өткен "Ж.Ә. Оразымбетова атындағы VI дерматологиялық оқулар" атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға 200-ден астам қатысушы жиналды.

Іс-шараны ұйымдастырушы – "Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы" ШЖҚ РМК, ҚР ДСМ "Дерматовенерологтар, дерматокосметологтар және лепрологтар қоғамымен", С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен, Қазақстан-Ресей медицина университетінің дерматовенерология кафедрасымен серіктестікте өткізді.

Дерматологиялық оқулар ғылыми қарым-қатынастың тұрақты жұмыс істейтін алаңын құру, пәнаралық өзара іс-қимыл жасау, озық тәжірибе алмасу және оны дерматовенерология, дерматокосметология және аралас мамандықтар саласында медициналық көмек көрсету кезінде енгізу үшін дәстүрлі түрде өткізіледі.

 Бұл  іс-шара  ғалым, профессор, мұғалім, белгілі дерматовенеролог дәрігер Жұмагүл Әбішқызы Оразымбетованың құрметіне жыл сайын өткізіледі. Ол талантты дәрігер, ғалым болды, еліміздегі дерматовенерологиялық қызметтің ғалым, клиницист саңлақтарын тәрбиеледі. Биыл Ж.Ә. Оразымбетова 80 жасқа толар еді.

Ғылыми пікірталас пен презентация тақырыптары жылдан жылға кеңейіп, әртүрлі дерматовенерология, дерматокосметология және лепрология салаларын қамтиды. Биылғы дерматологиялық оқуларда әртүрлі ауруларды диагностикалау мен емдеу ғана емес, сонымен қатар инновациялар мен озық тәжірибелерді қолдану да талқыланды.

Конференцияға қатысушылар арасында Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Оңтүстік Корея, Ливия, Ресей, АҚШ ғалымдары мен дәрігерлері болды. Мәскеуден келген профессор А. Хлебникова псориазды диагностикалау мен емдеудің заманауи алгоритмін қолдану тәжірибесімен бөлісті. Қырғыз Республикасының медицина ғылымдарының докторы М. Усубалиев тері мен оның қосалқыларының беткі микоздарын диагностикалау және емдеу мәселелерін шешу туралы айтты.

Жас мамандардың конкурсы мен постерлік баяндамалар резидент дәрігерлердің жоғары дайындығын және барлық қатысушылардың шығармашылық тәсілін көрсетті. Жас мамандардан 10 конкурстық жұмыс және 26 постерлік баяндама ұсынылды. Үздік жұмыстардың авторлары бағалы сыйлықтармен марапатталды.

барлық жаңалықтар »