Қазақстандағы лепра ауруының эпидемиологиясы туралы

 

Қантар 23, 2023

Жалпы лепра туралы түсінік болу үшін осы ауру туралы жазған ғалымдардың еңбектеріне жүгінсек.(Абдиров Ч.А., Ющенко А.А., Вдовина Н.А. 1987 ж.) Лепра (син. Ганзен ауруы, гансениаз, ганзеноз) – қоздырғышы лепра микобактериялары болып табылатын, теріні, шеткі нерв жүйелерін және ішкі ағзаларды зақымдайтын, адамның (антропоноз) созылмалы жұқпалы ауруы болып табылады. Лепраның инкубациялық кезеңінің ұзақтығы орташа 2-7 жылды құрайды және кей жағдайларда ағзаның ауруға резистенттігіне байланысты бірнеше айдан, ондаған жылдарға дейін созылуы мүмкін.

Ежелгі кітаптар мен археологиялық зерттеулерге сүйенсек лепраның адамзатқа өте ерте заманнан белгілі болғанын білуге болады. Ежелгі Үнді моноскриптерінде (б.э.д. 1500-1000 жылдар) - «Kushta», Моисейдің бес кітабында (б.э.д. 1500 жылдар) – «Zaraath», Мысыр папирустарында (б.э.д. 1300-1000 жылдар) – «Uchedu» деген атаумен белгілі болған. Көптеген авторлар лепраның әлемге Орталық Африкадан таралғанын айтады, дегенмен алғашқы ошақ Оңтүстік-Шығыс Азия аумағында болды дейтін авторлар да жоқ емес. Б.э.д. V ғасырда өмір сүрген Геродоттың куәлігі бойынша, сол заманда Иранда лепра «pes (pis)» деген атаумен кең тараған.

Еуропаға лепра Мысыр мен Финикиядан және Азия елдерінен, халықтардың түрлі қозғалысы (сауда байланыстары, соғыс жорықтары, жаппай қоныс аударулар) арқылы енгізілген. Еуропада лепраның жаппай таралуына б.э.д. I ғасырда Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жасалған ұзаққа созылған жорықтан қайтқан Помпейдің рим солдаттары өз әсерін тигізді. Жаңа дәуірдің басында лепра Византияда, Испанияда, Францияда және де басқа Еуропа елдерінде тіркеле бастады. Сол кезеңде (II ғасыр) лепра туралы мейлінше толық мағлұматты Гален жазды, ол аурудың негізгі 6 белгісін бөліп көрсетті: терінің қабынуы, жаралар, аяқтардың ісінуі, «арыстан келбеті», тері түктерінің түсуі және мутиляция (шеткі буындардың түсуі). Алғашқы кезде лепраны «elephantiasis» (слоновость – піл аяқ) деген атаумен атады. III ғасырда христиан богословы Ориген ауруды інжілдік «Zaraath» сөзімен ауыстырып, ол грек тіліне аударғанда «lepra» (құрғақ) деген термин шықты. Сол кезеңнен бастап аурудың атауы барлық елдерде «лепра» болып аталып кетті.

Лепраның Еуропа елдерінде ең көп тараған кезеңі X-XIII ғасырларға тура келді. XI ғасырдан бастап барлық Еуропа елдерінде лепрозорийлер ашыла бастады. Әр елде лепрозорийлерді өз терминдерімен атады, Италияда – Lazaretti (лепрамен ауырған інжілдік қасиетті Лазарьдің есіміне сай – бұл атау әлі күнге дейін әскери және уақытша шектеу орындарының емдеу орындарында сақталған), Англияда – lazar-hauses, Францияда – maladreries және т.б. Лепрозорийлер саны өзінің шарықтау шегіне XIII – XIV ғасырларда жетті, бұл кезеңде әр қалада дерлік лепрозорийлер пайда болды. Науқастарды оқшаулау міндетті болды және өмір бойына жалғасты, оларды азаматтық құқықтарынан айырды. Олар қалаға үстерін толық жауып тұратын ерекше киімдермен және қоңыраумен ғана шығуға міндеттелді, үйлерге кіруге және қоғамдық орындарға баруына, жұмыс істеуге тиым салынды, тек қайыр сұрау арқылы күн көруге ғана рұқсат етілді. Дегенмен, қандай да бір емдеу тәсілінің  жоқ кезеңінде, өзінің қатігездігіне қарамастан бұл шаралар індеттің кең тарап кетпеуі үшін қолданылған бірден-бір тиімді профилактикалық шара болды.

Соңыра келген әлеуметтік прогресс, материалдық және мәдени дәреженің көтерілуі, еңбек және тұрмыс гигиенасы жағдайының артуы бірте-бірте лепрамен аурушаңдықтың төмендеуіне әкелді. Арнайы емнің әлі болмауына қарамастан, XVII ғасырдың орта шенінде Еуропаның көптеген елдерінде лепраның жекелеген ошақтары ғана қалды. Аурудың күрт төмендеуіне осы кезеңдерде етек алған оба, тырысқақ сияқты аса жұқпалы аурулар да септігін тигізуі әбден мүмкін.

Экономикалық және әлеуметтік прогресске кейінірек қол жеткізген Норвегияда лепрадан эпидемия XIX ғасырдың соңына дейін жалғасты, ал Испания, Португалия сияқты елдерде әлі күнге дейін тіркелуде.

Біздің көрші, бұрынғы Ресей империясының аумағына лепра жоғары залалданған көрші елдерден енгізіліп, жекелеген ошақтар күйінде сақталды. Киев Русьіне, Қара теңіз бен Азов теңізі жағалауларына, Дон және Кубань өзендерінің аймақтарына лепра өте ертеректе Грекиядан, Каспий теңізі жағалауы мен Еділ, Орал өзендері маңына Иран мен Түркиядан енгізілген деп есептеледі. Лепра Ресейде XIX – XX ғасырларда Астрахань губерниясында, Еділ өзенінің теңізге құяр сағасы мен оның сол жағалауындағы елді мекендерде мейлінше кең тарады (В.Р.Коган. 1964). Ресейдің оңтүстігінде лепраны «проказа», Қырым ауруы немесе «крымка» деп атады (В.Ф.Шубин. 1957). Ресейде алғашқы лепрозорий 1769 жылы ашылған. Н.А.Торсуев пен С.М.Гитман (1956) 1911 жылы Ресей империясында 21 лепрозорий болғандығы туралы жазады.

Қазақстан аумағында лепраның бар екендігі туралы ең алғашқы жазба деректі біз П.С.Палластың еңбектерінен кездестіреміз (1889). 1769 жылы, Яик (қазіргі Орал қаласы) қаласында болған кезде, ол урал казактары арасынан лепра ауруын көріп, төмендегідей жазба қалдырған: «... при Яике начала показываться особливая и малоизвестная проказа, от которой могут произойти плохие следствия, если не будет употреблена предостороженность. Сия болезнь та же самая, которая в Астрахани под именем крымской болезни известна, потому что во время военных походов принесена из Крымской земли. Яицкие казаки говорят, что она пристала к ним от бывшей в персидском походе команды из Астрахани и называют «черной немочью», потому что начинает лицо синеть. Я видел многих, в высшей степени одержимых оною болезнью». Осыдан кейін бірнеше авторлардың (П.Симонтовский(1796), Н.Минх(1888), Л.Рутенберг(1897), Ф.Горбацевич(1898) т.б. қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облысы аумағында лепра ауруларын кездестіргені туралы жазба деректер бар. Бір ерекшелігі бұл деректер осы өңірлерде тұратын ұлты орыс тұрғындар жөнінде болған, Қазақстанның негізгі тұрғындары – қазақтар туралы ешнәрсе жазылмаған.

Қазақстандағы лепраның эпидемиологиясы туралы еңбектерінде көптеген авторлар қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолының, Араб басқыншылары, Шыңғысханның, Темірланның жорықтарының маңызын айтып өткен, осы кезеңдерде лепра таралған деген тұжырым жасайды.

Алайда, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына, яғни лепрамен аурушаңдық өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін Қазақ КСР-ның аумағында лепра барлық жерлерде анықталмаған, оның құрамына кіретін 16 облыстың тек 8-нен анықталған: олар Қызылорда, Гурьев, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы және Семей облыстары. Осылардың ішінен Қызылорда және Гурьев облыстарында барлық анықталған аурулардың 95 пайызы анықталса, қалған 6 облыста 5 пайызы анықталған. Соңғы 6 облыстағы жағдайларды ежелден қалған спорадикалық жағдайлар деп есептесек, Гурьев, әсіресе Қызылорда облысының Арал-Қазалы ошағындағы жағдайдың эпидемиялық сипат алуына не себеп болды? Осы жағдай бізді толғандырмай қоймайды. Себебі 1885 жылы орыстың белгілі лепразерттеушісі Г.Н.Минх, Перовск мен Қазалы аймағын зерттеп, ол жерлерде лепра ауруларын кездестірмегені туралы: «..среди киргизов населяющии между Орском и Ташкентом, лепры нет» деп жазды, осы пікірмен сол уақыттарда зерттеу жүргізген Решетилло да келісті. Бұл жағдай  Мамоновтың «1885 жылғы Сырдария облысы туралы шолуымен (Обзор)» де дәлелдене түседі. «Шолуда» бұл облыста лепраның бар екендігі айтылған, ол кезеңде бұл облыстың аумағына көрші республикалардың жерлері де кіретін. Белгілі болғаны ол атап көрсеткен ошақтар арасында кейінгі Қазақ КСР- аумағына кіретін бір де бір елді мекен болмаған, олар Өзбекстан және Тәжікстан республикасына қарайтын елді мекендер болды. Лепра негізінен отырықшы халықтар арасында көп кездесетін ауру. К.А Колесов өзінің «Қазақ КСР-дағы проказа» деген ғылыми еңбегінде: Қазақтар арасында «pes (пес, алапес)» деген ұғымның болғандығын, бірақ бұл сөздің өзі парсы тілінен енген, аудармасы «ала» деген ұғымды білдіретінін, негізіне витилиго ауруына байланысты болуы мүмкін екендігін және «махау» деген ұғымның бар екендігін, бұл сөзбен көрші Хиуа, Хорезм елдерінде лепраны атағанын, ол жерлерде «махаухона», «махаукишлактар», бұрыннан болғанын атап көрсеткен. Яғни лепра олардың атауларымен бірге Қазақстан аумағына көрші елдерден енгізілген деген болжам айтқан. Ол кезеңдерде көптеген созылмалы тері аурулары бір-бірінен дифференцияланбағанын ескерсек, бұл атаулардың түрлі тері ауруларына қолданылуы мүмкін екендігін де байқаймыз.

Алайда XX ғасырдың басында Арал аумағында, балықшылар арасында бұл індеттің көп екендігі белгілі бола бастады. XIX ғасырда осы өлкені мекендеген жаз мезгілінде Мұғалжар, Ойыл, Сағыз,  бір шеті Қаратауды т.б. жерлерді қыста Қызылқұмды мекендеген көшпелі қазақтардың көптеген тарихи оқиғаларды басынан кешкендігі бізге тарихтан белгілі. Хиуа, Қоқан хандығына қарсы күрестер, онан соң XIX ғасырдың екінші жартысындағы Ресей отарлаушыларының келуі және оның саясатына қарсы бағытталған күрестер тұрғындарды әбден қажытты. Осы өлкеге сол кезде әскери бекіністер (Қазалы, Райым) салынып, орыс-казак әскерлері жеткізілді. Онан қалды балықшы орал-казактары әкелініп, Арал теңізін игеру басталды. Балықшы кәсібіне жергілікті қазақтар арасынан кедей кепшіктері жалданды. Теңіз жағасына алғашқы жертөлелер салынып, қазақтардың отырықшы елді-мекендері пайда бола бастады. Жоғарыда айтылғандай Оралдан, Астраханнан келген орыс-казактардың арасында осы аурудың кеңінен тарағанын ескерсек, кеселдің осы адамдар арқылы келуі әбден мүмкін екендігін болжаймыз. Мұны кейбір зерттеушілер (К.А.Колесов) де түбегейлі жоққа шығармағанмен, оны дәлелдемеген, оған өткен кезеңнің саяси себептері де өзінің әсерін тигізгені сөзсіз. Лепраның бұл өңір қазақтарының арасында эпидемиялық сипат алуының Арал теңізін игерумен тікелей байланысы барын аңғаруға болады. Себебі: біріншіден, лепра індетінің эпицентрі негізінен Арал ауданы, оның ішінде теңізі жағалай қоныстанған балықшылар ауылдары болды, екіншіден, басқа ошақтармен салыстырғанда бұл ошақта ер адамдар әйелдерге қарағанда көп зақымданған, демек бұл жағдай ер адамдардың негізгі кәсібі балықшылықпен тікелей байланысты. Біздің ойымызша бұл індет «Ресейден орыс-казактар арқылы келген» деген тұжырым дұрыс сияқты. Негізінен мал шаруашылығымен айналысқан көшпелі қазақтардың балықшылықпен айналысып әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының күрт өзгеруі, тіпті төмендеуі, шоғырланып ұжымдық шаруашылықпен айналысуы (теңіз жағасындағы балықшы қостарында топ-топ болып шоғырланып өмір сүру), тамақтану мәдениетінің өзгеруі, яғни біркелкі негізінен балық өнімдерін тұтыну (әсіресе қыс мезгілінде біріңғай тұздалған балық жеу) және т.б. өте ауыр жағдайлар, арнайы эпидемияға қарсы іс шаралар болмаған кезеңде бұл ауру туралы мағлұматы төмен тұрғындар арасында жағдайдың ушығуына әсер еткен тәрізді. Сол маңда тұратын мал шаруашылығымен айналысқан елді мекендер арасында лепраның таралуының әлдеқайда төмен болуы бұған қосымша дәлел болады. Ол жерлерге лепра негізгі көрші балықшы ауылдардан енгізілген.  Індет тұрғындар арасында ұлт ерекшелігіне қарамастан пропорционалды түрде тарағаны туралы ғылыми деректер бар, яғни індет ұлт немесе ұлысты таңдамаған.

Совет үкіметі кезінде де XX ғасырдың ортасына дейін тұрғындардың басынан өткен колхоздастыру, аштық, Ұлы Отан соғысы сияқты ауыр кезеңдер әлеуметтік жағдайды қиындатып жіберді. Аурушаңдық өткен ғасырдың 50-ші жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті.

Ғасырға жуық уақыт арасында атқарылған жалпымемлекеттік пәрменді іс шаралардың арқасында елімізде лепра індеті ауыздықталды. Дүниежүзінің ешқандай мемлекеті лепра індеті үшін осыншама қысқа уақыт ішінде мұндай жетістікке қол жеткізген жоқ. Қазақстан әлдеқашан лепра толастатылған елдер қатарына жатады, қазіргі таңда біздің елімізде жекелеген спорадикалық жағдайлар ғана кездесуде. Еліміздегі бірден-бір арнайы мекеме лепрозорий мамандары осы кезеңге дейін негізінен лепра ошағын өшірумен айналысты, және бұл күресте жеңіске жетті деп айта аламыз.  Лепрамен күрестің қазіргі таңдағы Еліміз үшін өзекті мәселелері де жоқ емес:

1.Еліміздегі тұрғындардың ішкі және сыртқы миграциясы: Соңғы 30-40 жыл көлемінде Арал теңізінің құрғауына байланысты туындаған экологиялық апат салдарынан эндемиялық ошақ тұрғындарымен бірге науқас адамдар да еліміздің өзге өңірлеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Қазіргі таңда науқастар мен олармен тығыз қатынаста болғандар еліміздің барлық өңірлерінде дерлік өмір сүруде. Бұл да өз кезегінде лепрадан мүлде хабары жоқ, тұрғындарының лепраға қарсы иммунологиялық резистенттігі белгісіз аймақтарда инфекцияның  таралу қаупін туындатуы әбден мүмкін. Оның үстіне соңғы кезеңде еліміз егемендік алып, әлемнің барлық елдерімен дерлік, оның ішінде лепрадан тұрақсыз мемлекеттермен сауда-экономикалық және туристік қатынастар орнатты. Бұл жағдай да өз кезегінде сыртқы миграцияның күшеюіне соның әсерінен түрлі инфекциялардың, сонымен бірге лепраның да сырттан ену қаупін үдететіні сөзсіз. Мәселен, тек қана 2012-2016 жылдар аралығында көршілес Қарақалпақстан республикасы аумағынан елімізге 32 науқас қоныс аударғаны белгілі болып отыр. Олар іздестіріліп, диспансерлік есепке алынуда.

2.Еліміздегі медицина мамандарының лепра туралы білмеуі және лепросақтықтың жоқтығы өз кезегінде аурудың дер кезінде анықталмауын және ұзақ уақыт бойы қоршаған ортаға қауіпті болып қалу қаупін туындатады.

Жоғарыда айтылған мәселелерді ескере келе, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты лепраға қарсы күресті тоқтатуға әлі ерте. Ендігі біздің алдымыздағы мақсат лепраны түбегейлі жою (ликвидация). Лепраны түбегейлі жою мәселесіне тек осы сала мамандары ғана емес, еліміздің барлық медицина қызметкерлері бірлесе атсалысуы тиіс. Олай болмаса, бұл күрес өте ұзаққа созылуы мүмкін.

 

М.Сейталиев,

Қазақ республикалық лепрозорийі

барлық жаңалықтар »